Атырау қаласында жаңажылдық жәрмеңке ашылды
Атыраулық 24 жастағы кәсіпкер Руслан Құлмағамбетов «Сарайшық» базарының алдындағы алаңды қысқы ғажайыптар әлеміне айналдырды. «Қысқы ертегі» жаңа жылдық жәрмеңкесінде серуендеп, Лондон қаласындағы көшенің бірін елестетеді.
Мұнда бірнеше ағаш үй орнатылған. Түнде гирляндалар жанып тұрады. Ортасында жаңажылдық шырша жарқырайды. Шырша жанына үрленген Аяз ата мен Ақша қар қойылған. Бұл жәрмеңкеде бургерге, хош иісті сусындар тапсырыс беріп, музыка тыңдауға болады. Естелік кәдесыйлар, косметикалық бұйымдар сатылады.
«Биылғы жыл бәріміз үшін оңай болмады. Бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды. Жаңа жыл қарсаңында сүйіктім екеуміз атыраулықтарға, қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Біздің жұмысшылар ағаш тақталардан үй тұрғызды. Жәрмеңкеге өз өнімдерін ұсынуға жас кәсіпкерлер шақырылды», - дейді Руслан Құлмағамбетов.
Оның айтуынша, Еуропаның түрлі қаласында бірнеше рет болған. Лондон қаласындағыдай жәрмеңкені Атырауда ұйымдастыруды армандаған екен.
Жаңажылдық жәрмеңке 15 қаңтарға дейін сағат 12.00-ден 22.00-ге дейін ашық болады.