Атырау қаласының әкімі коммуналдық қызмет жұмысын сынға алды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы коммуналдық қызмет жұмысын өткір сынға алды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кем дегенде аптасына екі мәрте аулааралық рейдтер жүргізіп, қала маңын жаяу жүріп өтіп, бақылау жасауға тиіссіздер. Яғни, қаланың проблемасын көзбен көрулеріңіз керек. Кабинеттерде отыра бермей, жағдайды өздеріңіз тексеріңіздер. Жаяу жүргілеріңіз келмесе, қызметтік көліктеріңізді тартып алатын боламыз. Бұл мәселе коммуналдық қызмет саласының басшыларына тікелей байланысты. Қалалықтар бізден нәтиже күтуде. Адамдар таза қалада қолайлы жағдайда өмір сүруі керек. Біз өз тарапымыздан бар күш жігерімізді жұмсауымыз қажет. Жауапкершілігін сезінбегендерге қатысты нақты шаралар қолға алынатын болады», деді қала басшысы әкімдікте өткен аппарат мәжілісінде қалалықтардың қоқыс толы контейнерлерге байланысты шағымдарын талқылай отырып.

Қала әкімінің айтуынша, облыс орталығының проблемалары негізінен әлеуметтік желілерде жарияланып отырады. Демек, коммуналдық қызмет басшылары мәселені оперативті түрде шешуге атсалысуы керек. Жиын барысында қала әкімі аулааралық рейдтерден бөлек, «Атырау облысы әкімдігі»  Telegram чат-каналына тұрғындардан  түсіп жатқан арыз-шағымдарға да коммуналдық қызметкерлердің  оперативті түрде жауап беруі тиіс екендігін еске салды.