Атырау кәсіпкерлері несиенің пайыздық мөлшерлемесі үшін субсидия ала алмай отыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау кәсіпкерлері банк несиесінің пайыздық мөлшерлемесі үшін «Даму» қорынан субсидия ала алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер шағымы қаралды. Кәсіпкер Бауыржан Жолмұхановтың айтуынша, «Даму» қоры арқылы банктік кредиттердің пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға берілетін қаржысы мамырда таусылған. Содан бері кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлемелердің сомасын өз қалтасынан толығымен өтеуге мәжбүр.

«Шарт талаптарына сәйкес бұл қаражаттың бір бөлігін «Даму» қоры субсидиялауға тиіс еді. Субсидияға берілетін қаржы мамыр айында таусылды. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Бұл кімнің кінәсінен болып отыр? Кәсіпкерлер неге зардап шеге беруі керек? Біз қазір несиені 22 пайызбен төлейміз. Өйткені субсидия жоқ. Мен облыс үшін стратегиялық маңызы бар көтерме-тарату орталығын салып жатырмын. Оған қаражатым жетіспейді. Субсидия болмаған соң несие ала алмаймын», - деп шағымданды кәсіпкер.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыровтың айтуынша, мұндай проблема барлық облыста бар.

«Бірнеше өңірде бұл мәселе шешімін тапты. Ал бізде әлі де шешімін тапқан жоқ. Биыл бұл мақсатқа 11,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 6,6 млрд теңге бұрын мақұлданған жобалар бойынша міндеттемелерге, жаңа жобаларға 2,9 млрд теңге қаралған. Бұл қаржы мамыр айында таусылды. Қосымша 5.2 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Біз оны қыркүйек айында республикалық бюджеттен алуды жоспарлап отырмыз. Қаржы бөлу үшін экономикалық негіздеме қажет. Біз бұл ақпаратты «Даму» қорынан сұраймыз. Олар қанша қаржыны сұрайды, біз соны бөлеміз. Шарттарға сәйкес қор өтінім беріп, сұралған қаржыны қорғауы керек. Қор өкілдері мамыр айында облыс әкімінің алдында негіздеме бере алмады», - деп мәлім етті Сәттіғұл Сабыров.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерден жаңа жобаны қаржыландыруға 400-ден астам өтінім түскен. Алайда олар қаржының жоқтығынан күту режимінде тұр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кәсіпкерлікті дамытуға 900, тұрғын үймен қамтуға 44 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.