Атырау көшелеріне жоғары қуатты трансформаторлар қойылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда биыл тозығы жеткен электр қондырғыларына қайтадан жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жаңартылуы қажет деп танылған трансформаторларға жиырма жылдан аса уақыт өткен.

«Атырау-Жарық» қалалық электр желілерінің басшысы Қуат Сисенғалиевтің мәліметіне сүйенсек, биыл Атырауда тозығы жеткен бес электр трансформатор бекеті бұзылып, жаңадан салынбақ. 

«Жаңартылып қайта салу кезінде электр қондырғылары толықтай жаңасына ауыстырылады және трансформаторлық пункт ғимараты бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады. Жаңа электр қондырғылары мен жоғары қуатты трансформаторлар орнатылады», - деді Қуат Сисенғалиев. 

Жаңартылатын  трансформаторлар тізімінде Авангард-2 ықшам ауданындағы №7, №8, №9, №16 көпқатарлы тұрғын үйлерді электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған 172-1 трансформатор бекеті, Сарыөзек ауылындағы облыстық өкпе аурулары ауруханасы маңындағы 148-1 трансформаторы, қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалы ғимараты мен Ғұмаров, Гословская, Владимиров көшелерін электр энергиясымен қамтып тұрған 174-3 трансформаторы, Уәлиханов, Заводская, Свердловская көшелерінің тұрғын үйлерін қамтамасыз етіп тұрған 27-11 трансформаторы және Біләлов, Нысанбаев, Молдағұлова көшелеріндегі тұрғын үйлерді электр энергиясымен жабдықтап тұрған 143-1 трансформатор бекеті бар. 

«Бұдан бөлек, қалада 33 трансформатор бекетіне жыл соңына дейін күрделі жөндеу жүргіземіз», - деді «Атырау-Жарық» қалалық электр желілерінің басшысы Қуат Сисенғалиев.