Атырау көшелерінен 52 мың текше метр қар шығарылып, 200 текше метр су сорылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау көшелерінен 52 мың текше метр қар шығарылып, 200 текше метр су сорылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мұнайлы шаһардың көшелерінде жиналған қарды шығару жалғасып жатыр.

«Қазір қала көшелерін қардан тазарту үшін «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Осындай жұмыстың нәтижесінде 4-19 ақпан аралығында 52 мың текше метр қар шығарылды. Көлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолағына, басқа де жерлерге 516 тонна реагент себілді. Бұл жұмыстарды атқаруға кәсіпорыннан 300-ге жуық жұмысшы мен 125 арнайы техника жұмылдырылды», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, еріген қар суын сору үшін «Арнаулы автобаза» ЖШС тарапынан 8 вакуум көлігі бөлінген. Арнайы көлікпен көшелерден 200 текше метр су сорылған.

«Қарды тазалау жұмыстары кезінде орталық көшелерден бөлек су басу қаупі жоғары жер үйлердің аумағы анықталды. Қазір оған баса назар аударылып отыр», -деп мәлім етті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындағанын жазған болатынбыз.

«Қазгидромет» РММ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Айна Қазғұлованың айтуынша, биыл 2016 жылдан бері алғаш рет қалың қар жауған.

Қалың қар жолаушы тасымалдайтын автобустар мен жеңіл көліктердің қозғалысын қиындатты. Атырау қаласының шеткері көшелері мен шаһар маңындағы елдімекендерде көліктер қалың қарға батып қалды. Мәселен, Дамбы ауылының тұрғындары Атырау қаласына жете алмаған.