Атырау мектептерінің қауіпсіздік деңгейі бір ай бойы тексеріледі
Атырау облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасованың айтуынша, 2022-2023 оқу жылы басталғанға дейін мектептер, балабақшалар мен колледждер қауіпсіздік құрылғысымен толықтай қамтамасыз етілген.
«Ұлттық білім беру деректерінің қорындағы мәліметтерге сәйкес облыстың білім саласындағы 214 нысан 9 668 камерамен жабдықталған. Ал 77 мектептің 501 камерасы жедел басқару орталығына қосылды. Бірақ 22 білім беру нысаны интеграция орнатуға сәйкес келмейді. Былтыр білім беру нысандарына «Дабыл түймесін» орнату үшін жергілікті бюджеттен 88 млн теңге қаржы қаралды. Қазір 200 мектепте «дабыл түймесі» бар. Қазір мектептерде 305 камераны ауыстыру қажеттігі туындады. Істен шыққан камералар ауыстырылып жатыр. Соған байланысты жаңа камераларға тапсырыс берілді», - деп хабарлады Гүлнар Сәдуақасова.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов сала мамандарына арнайы комиссия құруды жүктеді. Арнайы комиссия мүшелері бір ай ішінде білім беру нысандарындағы қауіпсіздік деңгейін тексереді.
«Мәселенің бәрін қаражатқа тіреудің жөні жоқ. Балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін қажетті қаржы бөлінді. Енді әрбір білім беру нысандарында барлық қауіпсіздік шарасына назар аудару керек. Өйткені, баланың қауіпсіздігі қаражатпен ғана шектелмейді. Балаларымыз қауіпсіз ортада алаңсыз өмір сүруі үшін тәрбие жұмысын күшейтудің маңызы зор. Бұған тиісті саланың, мектептер мен колледждердің басшылары, ата-ана, жалпы бәріміз назар аударуымыз қажет», - деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мектептерінің күзетіне екі жылда 88 млн теңге жұмсалғанын жазған болатынбыз.