Бұл туралы www.primeminister.kz сайтында хабарланды.
«Атыраудағы хош иісті көмірсутектер кешені бойынша - 2013 жылы негізгі технологиялық құрал-жабдық 100% жеткізілген, құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске қосу 2014 жылдың екінші жарты жылдығында күтілуде», - деді Ұ. Қарабалин. Ол сондай-ақ 2016 жылы жүзеге асырылуы тиіс жоба Атырау МӨЗ-да мұнайды терең қайта өңдеу кешені бойынша қазіргі уақытта «Синопек инжиниринг» (ҚХР), «Марубени» (Жапония) және «ҚазСтройСервис» құрамындағы консорциум келісім-шарт бойынша жұмыс жасай бастағанын хабарлады. МГМ мәліметінше, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңарту жобасы бойынша Rominserv компаниясымен жұмыстардың бірінші кезеңіне келісім-шарт жасалған, жобаны қаржыландыруды ұйымдастыру жалғасуда. Шымкент МӨЗ бойынша жобаны жедел жүзеге асыру стратегиясы мақұлданды, бас мердігерді таңдау және қаржыландыру схемасы бойынша шешім қабылданды, сондай-ақ құрылыс жұмыстары басталды. «Қазақстандық үш МӨЗ-ді жаңарту процесі 2016 жылы аяқталады. Нәтижесінде 2017-2022 жылдары республика Евро-4 және Евро-5 стандарттары бойынша бензинмен, дизель отынымен және авиакеросинмен толықтай қамтылады», - деп толықтырды Ұ. Қарабалин. Павлодар мұнай-химия зауытын (ПМХЗ) және Шымкент МӨЗ-ді жаңартудың техникалық жобаларын әзірлеуге келісім-шарттарды Technip SA француз компаниясы орындады.