Зауыт басшысының айтуынша, қазір жанар-жағар май түрлерін тұтынушыға жеткізу үшін бір апта қажет.
«Қазір біздің зауыттың қорында 26 мың тонна бензин, 22 мың тонна дизель отыны, 4 мың тонна керосин бар. Бензин мен дизель отынын тұтынушыларға жеткізу үшін 5-6 күнде, керосинді бір аптада жеткізіледі», -деп мәлім етті Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратов.
Оның дерегіне қарағанда, енді зауыттың қондырғыларын сынақтан өткізуді және іске қосуды бастау үшін электр қуатын беруді қалпына келтіру қажет. Алайда, KEGOC АҚ электр желілерін қалпына келтіру мерзімін әлі айта қойған жоқ.
«Бұл – қысқа мерзім ішінде екінші апаттық өшіру. Біз өткен жұмада электр энергиясына байланысты екі қондырғының жұмысын тоқтаттық. Сол қондырғыларды іске қосуға бір жарым күн кетті. Қазіргі ахуал басқаша болып отыр. Енді қондырғыларды мұнай өнімдерінен, катализатордан тазарту қажет. Сондықтан барлық қондырғының жұмысын қалпына келтіруге қанша күн кететінін айту мүмкін емес», -дейді Мұрат Досмұратов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөніп, қондырғылар тоқтатылғанын жазған болатынбыз.
Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған. Соның салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты болмады. Осыған байланысты зауыт жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылды.
Кейін Атырау экологтары мұнай өңдеу зауыты маңында ауадан сынама алып жатқанын хабарлаған едік.
Облыстық экология департаментінің мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныш аймағының шекарасында атмосфералық ауадан сынамалар алуға кіріскен.
«Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныш аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сынамаларын алып жатыр. Сынамаларды талдау қорытындысы кейін хабарланады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.