Атырау мұнай өңдеу зауытында мазут өртенді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС кәсіпорнында мазут өртенді, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-парақшасына сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, Атырау облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері оқиға орнына шығып, желдің бағытына сәйкес кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, сондай-ақ Атырау қаласының аумағында атмосфералық ауасының сапасын анықтады.

«Талдау нәтижелері ШРК-дан асып кетпегендігін көрсетті. Сонымен, күкіртті сутегінің нақты көрсеткіші 0 мг/м3, азот диоксиді 0 мг/м3 , көміртегі оксиді 0,50 мг/м3, бензол 0,002 мг/м3 құрады. Мөлшерден асудың болмауына қарамастан, қазіргі уақытта экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Тексеру қорытындысы қосымша хабарланатын болады»,-делінген хабарламада.