Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасынан қара түтін будақтап жатыр

Фото: Фото: instagram.com/atyrauoil.official
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасынан қара түтін будақтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желілерде зауыт аумағынан қара түтіннің будақтағаны бейнеленген фото мен видео жүктелді. Зауыттың қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылған.

Мұндай жайт бірінші рет болып отырған жоқ. Мәселен, биылғы сәуірде Атырау мұнай зауытының мұржасында жарты сағатқа жуық от алаулағанын жазған болатынбыз. «АМӨЗ» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына бойынша, 27 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 16:08-де каталитикалық крекинг қондырғысында технологиялық режим бұзылған.

«Авариялық жағдайларға жол бермеу мақсатында жанармай газы мәжбүрлі түрде факелге жіберілді. Сағат 16:33-те газды факелге жіберу тоқтатылды. Қазір технологиялық режимнің бұзылуының себеп-салдары анықталып жатыр», - деп хабарлаған еді зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасында тағы да газ алауы жанғанын хабарлаған едік. 8 мамырда параксилол өндіретін Paramax (PX) технологиялық қондырғысын іске қосу шарасы жүргізілген. Алайда, сағат 19:18-де алдын ала фракцияға бөлу бағанын ыстық циркуляцияға шығару кезінде қысым клапанының жұмысынан ақау шыққан.

«Сол себептен, технологиялық контурда қысым жоғарылады. Апаттарды жою жоспарына сәйкес жабдықтың герметикалық қасиетінің бұзылуын болдырмау мақсатында жағдай тұрақталғанға дейін газ уақытша факелге жіберілді», - деп хабарлады кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен.