Атырау мұнай өндіру зауытын тексеру барысында бірқатар кемшілік анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Экология департаменті биыл 18 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не кезектен тыс тақырыптық тексеру жүргізді.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тексеру барысында зауыттың электр қуатымен қамту жүйесі істен шығып, технологиялық құрылғыларды толығымен тоқтату керек болды. Осыған байланысты құрылғыларды сақтап қалу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көмірсутегі газының қысымы уақытша алау жүйесіне жіберілді.

Электрмен қамту жүйесі қалпына келгеннен кейін технологиялық құрылғылар қайта іске қосылды.

Жобалау құжаттарын зерттеу барысында кәсіпорынның газды алауға жағу эмиссиясына рұқсатының жоқ екені анықталды. Осылайша, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның 73 мың текше метр отын газын мұнайды терең өңдеу өндірісі алауында және 6 мың текше метр газды ПГПН құрылғысында жағуы заңсыз және экологиялық заңнамамен реттелмейтіні анықталды.

Айта кететіні зауыта мұндай кемшіліктер жүйелі болып түрады. Аталған фактіге кәсіпорын өкілдері үшінші рет жол беріп отыр.

Қоршаған ортаға эмиссиялардың нормасын сақтамағаны үшін кәсіпорынға ӘҚ Кодексінің 3 бабы бойынша хаттама толтырылды.

Материалдар соттың қарауына жіберілді.





Фото: azh.kz