Атырау облысы 5 айда Ұлттық қорға 1,6 трлн теңге аударды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атырау облысы 5 айда Ұлттық қорға 1,6 трлн теңге аударды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылы жалпы өңірлік өнім 14,1 трлн теңгені, нақты көлем индексі 101,6 пайызды құрады. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі 13,7 пайызды құрап отыр. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 20,5 млн теңге. Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 2,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 1,0 трлн теңге көлемінде, Ұлттық қорға 1,6 трлн теңге аударылды», - деді С.Шәпкенов Орталық коммункациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға өсіп, 4,6 трлн теңгені құрап отыр.

«Атырау өңірінде мұнай-газ саласы дамыған. Бүгінде 22,4 млн тонна мұнай, 11,5 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді. Жалпы республикамыздың барлық өнеркәсібінің 24,5 пайызы – Атырау облысына тиесілі», - деді өңір басшысы.