Атырау облысы мен Астананың әкімдіктері ынтымақтастық туралы келісім жасады
Құрамында Астана қаласы әкімдігінің түрлі басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері бар үлкен делегация жұмыс сапарымен Атырау облысында жүр. Елордалық қонақтардың келуі Астананың алдағы 20 жылдық мерейтойына орайластырылған.
«Астанада 20 жылда іске асырылған табысты жобаларды Атырау облысында да енгізуге болады. Біз олар туралы айтқымыз, оларды іске асырудағы тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Екі күнгі сапарда Атырау облысының әкімдігі екі жобаға қызығушылық танытты деп айтуға болады. Бұл - ІТ-қауіпсіздік саласындағы жобалар, яғни бүкіл қала бойынша көше бейнебақылау камераларын енгізу, бұл қылмысты төмендетуге және қылмыстардың ашылуын арттыруға, сондай-ақ ЖКО азайтуға мүмкіндік береді. Екінші жоба - біз Астанада ойдағыдай енгізген «1000 жаңа сауда орындары» жобасы МЖӘ-ке негізделген, ал жобаға мемлекет бір тиын да салған жоқ. Сауда алаңдарына арналған жер учаскелерін инвесторлар ұсынды, жобаны іске асыру үшін Астанаға жаңа инвестициялар тартты және жаңа жұмыс орындарын құрды», - деп әңгімеледі Астана қаласы әкімдігінің инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бекмұрзаев.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде Астананың 20 жылдың мерейтойына орай елорданың мәдениет күндері өтуде. Астаналық қонақтардың сапары екі бөлімнен тұрады - мәдени және іскерлік. Астаналық шығармашылық ұжымдардың концерттері іскерлік топтардың бизнес кездесулерімен, өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындарды аралаумен қатар өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форумдар өңіраралық ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек.