Атырау облысы өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі бойынша республикада бірінші орында

None
АСТАНА.22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Атырау облысы өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі бойынша республикада бірінші орында. Бұл жетістіктегі шағын және орта бизнестің үлесі зор,

деп хабарлады pm.kz сайты.

Атап айтқанда, өңірде 17,7 мың шағын және орта бизнес субъекті жұмыс істейді және олар 62,2 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2011 жылдың қаңтар-қараша айларында шағын кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 25 802 бірлікті құраған.

Дағдарыс жылдары, атап айтқанда 2009 жылы, еліміздің басқа өңірлері сияқты Атырау облысында да тіркелген және белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны күрт азайды. Тіркелген субъектілер саны 26 пайызға, белсенді субъектілер саны - 46 пайызға төмендеді.2010 жылы да белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны азаюын тоқтатқан жоқ және 2010 жылдың ІІІ тоқсанында олардың саны 17,7 мың бірлікті ғана құрады. Осының нәтижесінде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы көрсеткішіндегі белсенді субъектілердің үлесі төмендеді. Атап айтқанда, 2008 жылы олардың үлесі - 87 пайыз болса, 2009 жылы - 64 пайыз, ал 2010 жылдың ІІІ тоқсанында - 61 пайыз ғана болды.

Шағын кәсіпкерлікте белсенді жұмыспен қамтылғандардың саны ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 56 075 адамды құрады.

Атырау облысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте белсенді жұмыспен қамтылғандардың санына тоқталар болсақ, ұйымдастыру-құқықтық бөліністе орта бизнес кәсіпорындарында - 17 мың адам (жалпы қатысушылардың 27 пайызы), шағын бизнес кәсіпорындарда - 18,5 мың адам (30 пайыз), жеке кәсіпкерлікте - 23 мың адам (37 пайыз), шаруа қожалықтарында - 3,7 мың адам (6 пайыз) жұмыс істейді.

2010 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Атырау облысында екінші деңгейдегі банктердің несие қоржынының жалпы сомасы 132,9 млрд. теңгені құраған, бұл Қазақстан бойынша екінші деңгейлі банктердің жалпы кредит қоржынының 1,8 пайызын құрайды. Бұл соманың 30,9 млрд. теңгесі - шағын кәсіпкерлікке берілген несиелер.