Атырау облысы Ресейдің Астрахань облысымен байланысты нығайтып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысына РФ Астрахань облысының делегациясы келді. Оны аймақтың губернаторы Александр Жилкин басқарды.

Делегация құрамында Астрахань облысы үкіметінің негізгі министрлері, бизнесмендер бар.

«Қазақстан үшін Ресей Федерациясы - стратегиялық серіктес. Осының негізінде екі ел арасында, соның ішінде жеке облыстар арасында қарым-қатынастар нығаюда. Экономика, білім беру, денсаулық сақтау салаларында, құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтері желісінде қарым-қатынас қарқынды дамып жатыр. Бұл қатынасты үнемі дамыту, нығайту қажет. Біз осы шаруамен айналысып жатырмыз», - деді ресейлік делегациямен кездесуде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

«Каспий теңізінің биоресурстарын сақтау, шекарадағы ауқымды өрттердің алдын алу, Каспий қайраңын игерудегі ынтымақтастықты дамыту - бұл бірлескен жұмыстар бағытының бір бөлігі ғана. Бұл жұмыстарды қазақстандық әріптестермен талқылайтын боламыз», - деп хабарлады А. Жилкин.