15:35, 18 Наурыз 2009
Атырау облысы тұрғындарының денсаулығына қатер төнуде ? Мәжіліс депутаты
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Бекенов Атырау облысында қоршаған ортаны қорғау саласында қалыптасқан жағдайға байланысты дабыл қағып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, депутаттың сауал салуына Атырау облысының тұрғындары мен осы аймақтың қоғамдық ұйымдарынан келген хат негіз болған. «Көпшілікке мәлім, Атырау облысында әлемде ең үлкен күкірт сақтайтын орын бар. Ондағы күкірт негізінен теңізден өндірілген мұнайды тазалаудың салдарынан пайда болады. Бүгінде осы аймақта 8 миллион тонна күкірт жатыр. Атырау аймағы тұрғындарының осы орынды жабу жөніндегі өтініштері бойынша әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылмай келеді. 2008 жылы «Теңізшевройл» компаниясы небәрі 2 миллион тонна күкіртті сатып үлгеріпті. Ал күкірттің жылына пайда болатын мөлшерімен салыстырғанда, бұл теңізге құйған тамшымен бірдей», дейді депутат. Оның айтуынша, жағдай тап осы қалпында қала беретін болса, аймақ халқының ондаған жылдар бойы қауіп-қатердің ортасында күн кешуіне тура келеді. «Күкірттің адам денсаулығына тигізетін зияны аз емес. Қазіргі таңда Атырау облысының тұрғындарының арасында жүрек қан-тамырлары мен тыныс алу жолдары ауруларының күрт арту жағдайы байқалып отыр. Көптеген азаматтар жас кезінде-ақ ісік ауруларына шалдығуда. Күкірттің халықтың денсаулығына зардабын тигізгені соншалық, кейде тіпті бірқатар азаматтар түнгі ұйқыдан кейін ояна алмайтын жағдайға жеткен», деді А.Бекенов. Оның мәліметтеріне қарағанда, Үкіметтің жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа талаптары бойынша, күкірт қазір қалдық болып саналмайды. Осыған орай оның таралуына ықпал ететін компаниялар да тиісті салықтан босатылып отыр. «Атырау облысының әкімшілігі осы мәселе бойынша еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне Экологиялық және Салық кодекстеріне күкіртті қалдық деп тану жөнінде тиісті өзгертулер енгізу жөнінде хат та жолдаған. Алайда облыс әкімшілігінің өтініші жауапсыз қалды. Ал «Теңізшевройл» компаниясы күкіртті жою жөніндегі келісімге қол қоймай отыр. Өйткені компания күкіртті жоюға берілген мерзіммен келіспей отыр», деді халық қалаулысы. Осыған орай Үкімет басшысынан аталмыш мәселе бойынша тиісті шара қолдануды сұрады.