21:37, 18 Наурыз 2009
Атырау облысына жұмыссыздық төніп тұрған жоқ - әкімнің бірінші орынбасары
АТЫРАУ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында жұмыссыздық мәселесі жоқ. Бұл туралы бүгін Елбасы Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Б.Дәукеновтің сөзіне қарағанда, облыста жұмыс орындарын көбейтудің бірқатар көздері бар. Бірінші кезекте - мұнай-газ саласы. Атыраудан бірнеше шақырым жердегі мұнай-химиялық кешен құрылысына 1 900 адам қажет. Шамамен, 7 мыңнан астам адам «Аджип ККО» компаниясының мердігерлік ұйымдарына орналастырылатын болады. Ондағы жұмыс негізінен вахталық әдіс ауысымымен жүргізіле бастайды. «Аймақта осы жылы барлығы 14 мың жаңа жұмыс орыны ашылады», - деп хабарлады Б.Дәукенов.