Атырау облысынан қостанайлықтарға 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен Атырау қаласы мен аудандарда арнайы штабтар құрылды. Штаб өкілдері кеше, 4 қыркүйекте сағат 9:00-ден бастап азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-жабдық жинап, көліктерге тиеп жіберді.
Дала өртінен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына Атырау облысынан жіберілген гуманитарлық көмек 30 тоннаны құрады.
Қайырымдылық шарасына тұрғындар, әкімдік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасағы көмек беріп жатыр.
«Қостанай облысындағы дала өрті қабырғамызды қайыстырмай қоймады. Сол үшін штабта жан-жақтан көмек жинап, оны жүк көліктерімен жібереміз. Мұндай қиын сынақтан жұдырықтай жұмылып, бір ел болып өте аламыз. Қазір Қостанай облысындағы «Amanat» партиясы филиалының басшысымен байланыс жасап отырмыз. Зардап шегушілерге тікелей қаражат жібергісі келгендер үшін банк шоты ашылды. Алдағы уақытта бұл есепшоттың нөмірі қосымша хабарланады», - деді «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов.
Оның айтуынша, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар тиелген алғашқы 10 жүк көлігі жолға шықты. Жақын күндері тағы бірнеше көлікпен гуманитарлық көмек жіберіледі.
Штаб құрамында «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері де бар.
«Волонтерлер де қостанайлықтармен бірге. Көмек көрсетуге дайынбыз», - дейді ерікті Заманбек Құрақбай.
Дала өртінің салдарынан баспанадан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды.
«Чатқа қосылған азаматтар ақшалай және заттай көмек көрсетуге дайын екенін жазып отыр. Екі күннен бері қажетті заттың бәрін жинап, кейін жөнелтеміз деп отырмыз. Қазір 20-ға жуық жүк көлігі жолға шығуға дайын тұр. Алмалы ауылы және Махамбет ауданынан да жүк көліктері келе жатыр», - деді волонтер Нұрлан Жонасов.