Атырау облысында 10 000 жаңа жұмыс орындары ашылады ? вице-премьер

АТЫРАУ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев Атырау облысында жұмыс сапарында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Вице-премьер «Аджип ККО» компаниясының оқу орталығында, «Атыраубалық» балық өңдеу кәсіпорнында, мұнай өңдеу зауытында болды. «Аджип ККО» компаниясында дағдарыс әсері шамалы екені байқалады. Оқу орталығының барлық 300 тыңдаушысы кәсіпорынның нысандарында жұмысқа орналаспақ. Ал «Атыраубалықта» бұрыннан жұмыс жасап жатқан 800 қызметкерге қосымша, күзге дейін 1 200 балықшы жұмысқа алынады, Атырау мұнай өңдеу зауытында жақында басталатын жаңғырту жұмыстары мамандар санын көбейтуді қажет етеді. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Е.Орынбаев «жол картасын» жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4 миллиард 220 миллион теңге бөлінгенін, жергілікті бюджеттен тағы 5 миллиард теңге бөлініп отырғанын айтты. Бұл қаржыға аймақта 10 000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Қазірдің өзінде тұрғындарды жұмыспен қамтитын 75 жоба әзірленді. Ербол Орынбаевтың айтуынша, Атырау облысының экономикасы тұрақты дамып келеді. Өндіріс көлемінің төмендеуі байқалмайды. Егер жағдай өзгере қалса, Үкіметте резервтер бар және көмек дер кезінде көрсетіледі.