Атырау облысында 192 отбасыға жаңа пәтер берілді
Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Ғабдуллиннің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасымен Индербор кентіндегі «Көктем» шағын ауданында 4 тұрғын үй бой көтерген. Тұрғын үйдің әрқайсысында 48 пәтер бар. Төрт қабатты тұрғын үйлердің құрылысын «Еврострой» ЖШС, абаттандыру жұмыстарын «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізген. Жаңа тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған.
«Мемлекет тарапынан мұқтаж отбасыларды қолдау шаралары ұдайы жалғасып келеді. Конституция күніне орай мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйден 192 отбасыға жаңа пәтер беріліп отыр. Оның ішінде көпбалалы 106, әлеуметтік тұрмысы төмен 69 отбасы бар. Ата-ана қамқорлығын көрмей өскен 17 жсөспірім де жаңа баспанаға ие болды», - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев.
Жаңа тұрғын үйден пәтер алғанның бірі – Райгүл Ботаева. Оның отбасы асыраушысынан айрылғандар санатына кіреді. Бұған дейін басыбайлы баспанасы болмай, 20 жылға жуық пәтер жалдап келген.
«Бұл – біздің көп жыл армандаған баспанамыз. Өйткені табысымыздан қаржы жинап, үй алуға мүмкіндігіміз болмады. Енді міне, мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйден жаңа пәтердің кілтін алдық. Қуанышқа кенеліп тұрмыз. Әсіресе, балаларымыздың қуанғанын көруден асқан бақыт болмайтынына көзім жетті», - дейді Райгүл Ботаева.
Осындай қуанышқа кенелгендердің қатарында бірінші топтағы мүгедек қызын тәрбиелеп отырған Н.Өтегенова, көпбалалы Б.Ибраева, М.Қайыржанқызы, Г.Қабдолова сынды аналар бар.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылғанын хабарлаған едік.