Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 28 желтоқсанда Жылыой аудандық орталық ауруханасында тамақтан улану диагнозымен түскен 21 тұрғын ем алып жатыр.
«Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне 27-28 желтоқсанда тағам токсикоинфекциясы диагнозымен 29 науқас келіп қаралды. Оның ішінде 4 науқас стационарға жатудан бас тартты. Үйіне амбулаторлы ем алуға 4 науқас жіберілді.
Қазір 21 науқас стационарға жатқызылды. Уланған науқастардың бәрі 24 желтоқсанда «Три самурая» дәмханасынан алған сушиді жеген. Ауруханада жатқан науқастар жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып, тиісті ем-дом шараларын қабылдауда.
Науқастардың бәрінде іш өту, жоғары температура, жүрек айнуы, құсу және жалпы әлсіздік улану белгілері байқалды. ауруханаға жатқызылған адамдардың жағдайы «орташа ауыр» деп бағаланады», - дейді Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.
Қазір осы фактіге қатысты құқық қорғау органдары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тексеру жүргізіп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында сушиден уланған 16 адамның ауруханаға түскенін хабарлап едік.