Атырау облысында 5 мыңнан астам түлек мектеп бітірді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында 5 183 түлек үшін мектеп соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша, биыл 116 095 оқушы оқу жылын тәмамдады. Оның 5 183-і мектеп бітіруші. 3 935  түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ықылас танысқан. Аймақта 153 оқушы «Алтын белгіге», 91 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

Ал, жиырма бес жылдық тарихы бар «Білім-Инновация» лицей-интернатын 49 шәкірт бітіреді.

Соңғы қоңырау шарасына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жас өрендерге сәт сапар тіледі.

«Мемлекет басшысы өз сөздерінде жастарымыз әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуы қажеттігін жиі айтып келеді. Мұның негізгі критерийлерінің бірі - сапалы білім алу. Бүгінгі күні облыс мектептерінде бұл үшін барлық жағдай жасалған. Біз мектептердің санын көбейтудеміз, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартудамыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ағымдағы оқу жылын бітірушілерді құттықтаймын, оларға жетістіктер, білімге деген құштарлық пен жеңістер тілеймін», - деді оқушыларға арнап сөйлеген сөзінде Н. Ноғаев.
 

Лицей директорының орынбасары Нұрбек Амановтың айтуынша, 2017-2018 оқу жылында оқу орны үшін жақсы көрсеткіштермен аяқталды.

«Осы оқу жылының түлектері облыстық олимпиадаларда 45 жүлделі орынды иеленді. Республикалық деңгейде 12 оқушы түрлі жарыстар мен олимпиадаларда жүлделі орын алды. Халықаралық деңгейде 15 оқушы білім беру конкурстарының жүлдегері атанды», - деді директордың оқу бөлімі жөніндегі орынбасары Нұрбек Аманов.

Лицейдің үш түлегі Гонконг және Канада университеттеріне оқуға түссе, 12 түлек Назарбаев Университетіне тікелей грант алды.