Атырау облысында 6 айда есірткіге байланысты 63 қылмыс тіркелді

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 6 айда есірткімен байланысты 63 қылмыс тіркелді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр санатқа жататын 35 қылмыстың 2-еуін кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов өткізген құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлім болды.

Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер Нұршаевтың айтуынша, есірткі құралдарының түрі көбейген.

«Биыл «Трамадол» препараты есірткі тізіміне енгізілгенімен, оның орнына дәріханалық нашақорлыққа жататын препараттардың басқа түрлері таралып отыр. Мәселен, прегабалин препаратының «Алис», «Лирика» секілді балама түрлері шықты. Аналитикалық мәліметтерге сәйкес облыста биылғы 6 айда есірткімен байланысты 63 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны – 35. Бұл қылмыстардың 2-еуін кәмелетке толмағандар жасағаны анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 5 келі 966,41 грамм есірткі заттары тәркіленді», -деп хабарлады Әлішер Нұршаев.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, полиция қызметкерлері түрлі қылмыстың алдын алу үшін арнайы іс-шара әзірлеуі қажет.

«Мәселе көшелерге бейнекамера не жарық шамдарын орнатумен шешілмейді. Қылмысқа қарсы күрестің нәтижесі көрінуге тиіс. Қазір қылмыс түрі көбейіп жатыр. Оған төтеп беру үшін мамандар дайындайық. Оларды оқытып, қажетті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етейік. Бірақ қолға алынған істердің нақты нәтижесі бола ма? Егер нәтиже болмаса, кадрлық өзгеріс енгізуді немесе басқа да жолын іздеуіміз керек», - деп мәлім етті Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында киберполицейлер жұмысқа кіріскенін хабарлаған болатынбыз.