Атырау облысында 6 мектептегі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін жалғасады
Атырау облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуынша, қазір 8 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Оның 5-еуі Атырау қаласында, ал, 2-еуі Исатай ауданында орналасқан.
«Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жасалған шарт бар. Сол шартқа сәйкес күрделі жөндеу жұмысының мерзімі 6 айға дейін созылады. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін екі білім беру нысанындағы жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Ал, 6 мектептегі күрделі жөндеу жыл соңына дейін жалғасады. Сондықтан, аталған мектептерің оқушыларын уақытша оқытатын орындарын анықтау жүріп жатыр», - деп хабарлады департамент басшысы Бердібек Таишев.
Оның дерегіне қарағанда, мектептердің кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтылуына байланысты мониторинг жүргізілген.
«Мониторинг қорытындысымен 8 мектепте бейнебақылау жүйесі страндартқа сәйкес келмейтіні анықталды. Ал, 5 мектептегі бейнебақылау жүйесі нысанның толық периметрін қамтымайды. Осындай кемшіліктерге байланысты тиісті ұсыныс Атырау облысының әкімдігіне мен білім басқармасына жіберілетін болады», - деп мәлім етті Бердібек Таишев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кейбір мектептерді жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін аяқталмайтынын хабарлаған едік. Атырау қалалық білім бөлімі басшысының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Балмұхановтың айтуынша, 5 мектептегі жөндеу жұмыстары шілде айында басталған.
«Мәселен, №22, 31 және 13-мектептегі жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Ал, №19 және 27-мектепті жөндеу жұмысының ауқымы үлкен. Сол себептен, бұл білім ордаларының оқушыларын өзге мектептерде уақытша оқыту мәселесі қаралып жатыр», - деп хабарлады Ерлан Балмұханов.