Атырау облыстық әкімдігінің отырысында білім нысандарының техникалық қауіпсіздігі туралы мәселе қаралды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Садуахасованың айтуынша, білім нысандарын инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыру үшін үш топқа бөлінген.
«Бірінші топтағы нысандар бейнебақылау камерасымен және хабардар ету жүйесімен 100% қамтылды. Екінші және үшінші топтағы нысанға жататын 146 мектеп бейнекамерамен, турникетпен 100% жабдықталды. Өңірдегі 93 мектептің бейнекамералары жедел басқару орталығы арқылы бақыланады. Ал, 138 мектеп дабыл түймесімен 89% қамтылды. Мамандандырылған күзет жүйесіне 64 мектептің дабыл түймесі қосылды. Жедел басқару орталығына 8 мектептің дабыл түймесін қыркүйекке дейін қосылады. Бұл жұмысқа сұралған қаржы облыстық мәслихат сессиясында қаралады», -деді Гүлнар Садуахасова.
Оның айтуынша, мектептердің қауіпсіздігін тексеру үшін 5 мониторинг тобы құрылған. Қазір 64 мектептің бейнебақылау камерасы қосылмағаны анықталған.
«Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамера орнату талаптарын бір бағдарлама жүйесіне енгізу керек. Бейнебақылау жүйесіне қосылмаған мектептерге камерамен толық қамту үшін қаражат қарастырайық. Негіздеменің бәрі жасақталса, қаражат бөлінеді. Интернет, дабыл түймесі, бейнекамерасы да іске қосылып, жұмыс істеуі қажет. Бірақ, қағаз жүзінде емес», -деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мектептерінің күзетіне екі жылда 88 млн теңге жұмсалғанын жазған болатынбыз.
Кейін Атырау мектептерінің қауіпсіздік деңгейі бір ай бойы тексерілетінін хабарлаған едік.