Атырау облысында 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға беріледі

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпаарт – Атырау облысында 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, жыл соңына дейін 7 мектеп пен 1 жапсаржайды пайдалануға беру көзделіп отыр.

«Мектептер құрылысына жауапты жұмыс тобымен алдағы жоспарларды пысықтаған болатынбыз. Жыл аяғына дейін жалпы саны 6 450 орынға шақталған жаңа мектептер оқушыларды қабылдайды. Қолданысқа берілетін жаңа мектептердің бесеуі Атырау қаласының аумағында орналасқан. Нақтылай айтқанда, Нұрсая, Сарыарқа ықшамаудандарындағы Binom мектептері, Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің жаңа ғимараты, Жаңаталап және Ақжар ауылында, Махамбет ауданында құрылысы аяқталатын білім ордасы ашылады. Сонымен бірге, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы мектептің жапсарсайы қолданысқа беріледі», - деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, келесі жылы облыс бойынша 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 9 білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынады.

«Осылайша, Атырау облысында мектептердегі сабақ екі ауысымда білім берілетін болады. Нақтылай айтқанда, 2023-2024 жылдары мектептерде оқушыларға 26 мыңнан астам орын құрылады», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда былтырдан бері 3 мектепті күрделі жөндеу баяу жүріп жатқанын жазған едік.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошевтың мәліметінше, 10 мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр.

«Былтыр 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге 2 млрд 145 млн теңге қаралды. Оның үшеуінің жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталған жоқ. Ал, биыл 8 мектеп, 1 балабақша мен «Барыс» клубы күрделі жөндеуден өтеді», - деді Тілекқабыл Байдошев.