Атырау облысында 8 наурызға арналған мерекелік іс-шара өтпейді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда облысында 8 наурыз –халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өткізілмейтін болды. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Faceebok-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті жерлестер! Коронавирус инфекциясы қазіргі кезде әлемнің көптеген еліне тарады. Барлық мемлекеттер қауіпті вирусқа қатысты алдын алу іс-шараларын күн сайын күшейтіп жатыр.

Елімізде аталған инфекция тіркелген жоқ. Алайда, «сақтықта қорлық жоқ» деген ұғымды ұстанған халықпыз. Сондықтан, Қазақстанда да республикалық деңгейде сақтық күшейтілді.

Біз де қауіпсіздік мақсатымен облысымызда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараларды өткізбеу туралы шешімге келдік.

Сіздердің бұған түсіністікпен қарайтындарыңызға сенемін», -деп жазды әкім өз парақшасында.