Атырау облысында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жастарды жұмысқа орналастыратын жаңа жоба іске қосылды. Жаңа жобаның атауы – «Алғашқы жұмыс орны». Атырау жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Қадыров аталған жоба туралы, жастарға мақсатты көмек көрсетудің басқа да бағыттары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Қазір жастардың көбіне жұмыс табу қиын. Жоғары оқу орнын бітірген жастар да жұмысқа орналаса алмайды. Осы орайда жаңа жоба жастарды жұмысқа орналастыруға қалай мүмкіндік береді?

– Жоба жастар ресурстық орталығы мен жұмыс берушілер арасындағы келісімге сәйкес жүзеге асырылып отыр. Жоба аясында 51 жас жұмысқа орналасты. Олар жұмыс істей жүріп, бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін тәжірибесін жинақтайды. Мұнда бастысы, жұмыс беруші «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушыны екі жыл бойы тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге міндетті болады.

– Жұмыс берушіге еңбек өтілі жоқ жастарды жұмысқа қабылдағанша, тәжірибелі мамандарды тауып алу жеңіл емес пе?

– Бұл жобаның мақсаты – жұмыс беруші қосымша маманды қабылдағанмен, одан ештеңе жоғалтпайды. Оның міндеті – жастарға білім алуға мүмкіндік беру. Тұрақты жұмыс орнына үміткердің жалақысын бірінші жылы жергілікті жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды.

– Сонда жұмысқа орналасқан жастар қанша жалақы алады?

​– Бұл жобаға қатысушының айлық жалақысы 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржыны құрайды.

– Ал екі жылға кепілді жұмыс алу үшін қандай мүмкіндік бар?

– «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмыс іздеп жүрген түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған. Негізгі талап – жобаға қатысушының жасы 29-дан аспауы керек. Сол себептен, бұл жоба жастарға қажетті тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Тағы бір жайт, аталған жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды.

– Бұл жастардың жұмысқа орналасуына бағытталған жалғыз жоба емес шығар.

– Өзге де жобалар бар. Атырау облысында 271 жас үздік бизнес-жоба үшін грант алды. Осылайша, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында өз ісін ашу мақсатында жобасын сәтті қорғаған жастарға қолдау көрсетілді. «Бастау-Бизнес» жобасымен 401 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жіберіліп, оның 48-і несие алды. Ал, 562 жас қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілді. Кәсіптік бағдар беретін жобамен 1 871 адам қамтылды. Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 12 791 жасқа әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 6 776, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 1 795, әлеуметтік жұмыс орындарына 123 адам жұмысқа орналастырылды.