Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасовтың мәліметіне сүйенсек, былтыр Атырау облысында атмосфералық ауаны күкіртсутегімен ластауға байланысты 238 жоғары және 4 экстремалды дерегі тіркелген.
«Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 161-ге және 2-ге көп. Оның 46%-ы Мақат ауданындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы мен NCOC компаниясының басқа да нысандарында болған. Ал, 38%-ы Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдықтары тасталатын «Тухлая балка» алаңында тіркелген. Қазір мұнда Жол картасы аясында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 16%-ы қаладан қалдықтар тасымалданатын «Квадрат» булану алаңына тиесілі болып отыр. Осыған байланысты Атырау қаласының оң жағында кәріздік тазарту құрылғыны қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіпи жатыр. Жаңа нысанның қуаты тәулігіне 31 мың текше метрді құрайды. Мердігер ретінде «Құрылыс Эксперт Проект» ЖШС анықталды», -деп хабарлады Зұлфыхар Жолдасов.
Оның айтуынша, облыстық экология департаменті атмосфералық ауаны күкіртсутегімен ластау дерегіне қатысты жоспардан тыс 5 тексеру жүргізген. Оның ішінде «АМӨЗ» ЖШС 2, NCOC компаниясы 2, «ҚазТрансОйл» АҚ 1 рет тексерілген.
«Тексеру нәтижесімен NCOC компаниясының нысандарындағы сарқынды судың құрамында күкіртсутек бар екені анықталды. Қазір сот талқылауы жүріп жатыр», -деп мәлім етті Зұлфыхар Жолдасов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының бюджетіне экологиялық төлемдерден 9 млрд теңге түскенін хабарлаған едік.