Атырау облысында ауыл әкімі параны тезекпен алған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында ауыл әкімі параны тезекпен алды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен. Сот барысында анықталғандай, азамат И. Ақсай ауылдық округінің әкімі Д.Досқалиевке Ақсай ауылында жер үй салу үшін жер телімін алуға рұқсат беретін құжаттарға қол қоюын сұрап жүгінген.

Алайда, азамат И-дің малдың органикалық тыңайтқыштарын сатумен және жеткізумен айналысатын кәсіпкер екендігін білген әкім, одан 300 қап тезек талап еткен. Осы талабы орындалғаннан кейін ғана құжатқа қол қоятындығына уәде берген.

Кәсіпкер ауыл әкімінің талабын орындаған. Алайда, әкімнен қосымша құжаттар алу қажеттігі туындаған. Бұған әкім тағы 50 қап тезек сұраған.

Осылайша, көң түріндегі параның құны 206 750 теңгені құрады.

Істі қарау барысында қала прокуроры мен сотталушының және оның қорғаушысы арасында кінәні мойындау туралы процессуалды келісім жасалды.

Атырау қаласының №2 сотының шешімімен Д.Досқалиев 6 202 500 теңге көлемінде айыппұл төлей отырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ оның заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленетін болады.