Атырау облысында бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 6,6 млн теңге бөлінген

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 6,6 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылында бастауыш сыныптарда шамамен 58 900 оқушы оқиды деп жоспарланып отыр.

«Бастауыштағы 1-4-сыныптардың оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 6 млн 621 мың 400 теңге қаржы бөлінді. Ыстық тамақпен бастауыш сыныптардағы барлық оқушы қамтылатын болады. Оқушылардың саны қыркүйек айында нақтыланады», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, 1-4-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі толық шешімін тапқан. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың 5-11-сыныптарда оқитын балалары да тегін ыстық тамақпен қамту жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда оқушыларды тасымалдайтын 23 автобус сатып алуға 1,1 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.

«Өткен жылы оқушыларды 49 автокөлік тегін тасымалдады. Енді биылғы жаңа оқу жылында 60 елді мекендегі 4 561 оқушыны мектепке тасымалдау жоспарланып отыр. Бұған қосымша 23 автобус сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Көліктер қыркүйек айында оқушыларды тасымалдауды бастайды. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін 1 676 370,0 мың теңге қаралды», - дейді Серік Шәпкенов.