Атырау облысында белгісіз індеттен қойлар қырылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы Сүйіндік ауылындағы екі мың қойдың белгісіз себептермен қырылып қалғаны жайлы шаруа қожалығының басшысы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сәуір айынан бастап 10 мың бас отарымыздағы Еділбай тұқымды қойлар қырыла бастады. Бір аптадан соң күніне 30 қойдан өліп жатыр. Біз бірден аудандық ветеринарлардың көмегіне жүгіндік. Ауру және өлген қойларды тексерген мал дәрігерлері бұл шешек деген болжам жасады. Шаруашылық дереу өз қаражатына Ресейдің Самара және Астрахань қалаларынан қажетті вакциналарды алғызды. Вакцинациялау жасалды. Алайда малдың қырылуы әлі тоқтар емес. Керісінше арта түсті. Бүгінгі таңда 2 100 бас қой қырылды», - деді Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы «Сүйіндік» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Исақұлов.

Өлген малдан алынған сынама сараптама жасату үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберілген. Елордалық мамандар «қой шешегі» диагнозын жоққа шығарды.

«Алайда зертханадағылар қойлардың қырылуына себеп болған індетті дөп басып айта алмады. Сондықтан мемлекет тарапынан өтемақы ала алмай отырмыз. Шаруашылық 60 миллион теңгеден астам шығынға ұшырады», - дейді Бауыржан Исақұлов.

Авторы А. Соколов