Соңғы бір аптада Ойыл өзеніне екі, Қиғаш өзеніне бір адам суға кеткен еді. Ал, кеше, 25 сәуірде тағы бір адамның суға батқаны анықталып отыр.
«Төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері кеше сағат 21:45-те Атырау қаласының Водников шағын ауданындағы Теплый каналынан 45 жастағы ер адамның мәйітін тауып, судан шығарды. Суға батқан жігіттің сағат 21:00-де достарымен каналдан балық аулауға келгені анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін өзенді кесіп өтпек болған жігіттің мәйіті, кейін жоғалған жігіттің денесі Ойыл өзенінен табылған еді. Сондай-ақ, қайық аударылып, бір адам суға кеткенін жазған болатынбыз.