Атырау облысында бір айға жетпей 8 адам суға батып кеткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері су айдындарында 10 адам батып кеткен. Оның ішінде 3 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, суға түсу маусымы жылдағыдан 15 күнге кешігіп басталған.

«Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам, оның ішінде 3 бала суға батып кетті. Оның ішінде 8 адам шомылу маусымы басталған 15 маусымнан бері жантәсілім етті. Құтқарушылар 4 адамды құтқарып қалды. Бір жасөспірімді іздестіру жалғасып жатыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Статистикалық талдауға сәйкес, суға батудың бірнеше себебі анықталып отыр.

Мәселен, ересек тұрғындар мас күйінде суға шомылу, өз күшін асыра бағалау салдарынан оқыс оқиғаға ұрынады.

Ал, кәмелетке толмағандар ата-анасының, туыстарының және жақындарының бақылауынсыз суға түседі.

«Бір жасөспірім терең каналға құлап, көз жұмды. Екіншісі арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде, үшіншісі қатты ағысы бар өзенге аттан құлап, жантәсілім етті. Сол себептен, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, су айдындарына өз бетімен шомылуға жібермеуді ескертеміз», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Шомылу маусымы басталғаннан бері құқық бұзушыларға 191 хаттама толтырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске барын хабарлаған едік.