Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласы қауіпті вирус көп таралатын ошақ ретінде қалып отыр. Өткен тәулікте мұнда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 32 жағдайы расталған.
Сондай-ақ, Теңіз кен орнында – 3, Исатай ауданында – 6, Құрманғазыда – 3, Қызылқоғада – 2, Жылыойда – 1, Махамбет ауданында 1 науқас анықталған.
«Өңірде 344 адам үй жағдайында, 2 352 орындық инфекциялық стационарларда 216 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде модульдік ауруханада – 96, Теңіз кен орнындағы стационарда – 70, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 36, ал, №2 облыстық ауруханада 14 пациент оқшауланды. Қазір инфекциялық стационарлардың 90 төсек-орынға есептелген жансақтау бөлімінде жатқан 13 науқастың жағдайы ауыр. Бұл бөлімдегі 4 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында коронавирус жұқтырған балалар мен жүкті әйелдер көбейгенін хабарлаған едік.