Атырау облысында биыл мектеп бітірген түлектерге 4 мың грант бөлінді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биыл мектеп бітірген түлектерге 4 мың грант бөлінді. Оның ішінде 3 200-сі техникалық, ал, 800 грант педагогикалық мамандықты таңдағандарға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес бөлінген білім гранты түрлі кәсіптік, техникалық, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды қамтып отыр.

«Атырау облысында 200 мектеп бар. Биыл мектепті 5 999 түлек бітірді. Биыл Атырау өңірінің түлектері үшін 4 мың грант бөлінді. Оның 3200-і техникалық, ал 800-і педагогикалық мамандықты таңдаған түлектерге беріледі. Бұл мамандықтардың өңір үшін маңызы зор. Өйткені, облыста кадр тапшылығы бар. Қазір грантт иелену үшін құжат қабылдау жүріп жатыр. Бұл гранттың артықшылығы – кейіннен еңбек өтілі түрінде қайтару жауапкершілігі қарастырылмаған. Балалар шәкіртақы алып, Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуына толықтай мүмкіндік берілген» -деді Айнагүл Дүйсекенова.

Оның айтуынша, әлеуметтік желіде «Оқушылар мемлекеттік немесе нысаналы грантты таңдайды. Келесі жылы грант берілмейді» деген жалған ақпарат тараған.

«Әлеуметтік желілерде тараған аудиожазбаға сенбеулеріңізді сұраймын. Мектеп бітіруші түлектерге гранттар жыл сайын бөлінеді. «Келесі жылы білім гранттары берілмейді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жыл сайын мемлекет тарапынан министрлік және жергілікті әкім гранты бөлінетіні туралы ақпараттандыру жұмыстары үнемі жүргізіледі», -деді ол.

Барлық түлекке мемлекеттік грант пен өңірге бөлінген мақсатты гранттар туралы ақпарат берілген. Түлектер қай грант конкурсына өтініш беретінін ұйғарып, өз таңдауын жасауы керек.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Алтын белгі үміткерлерінің саны 40% артқанын https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-altyn-belgi-umitkerlerinin-sany-40-artty_a3936917 хабарлаған болатынбыз.



Фото: inbusiness.kz