Атырау облысында екі баланы ұрлаған әйелді дәрігерлер тексеруде

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында жұма күні түнде Мақат ауылында екі баланы ұрлап кеткен әйелді дәрігерлер тексеруде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мақатта екі баланы ұрлаған әйел Атырау облысы, Мақат аудандық сотына түскен тергеу органдарының әйелді мәжбүрлі түрде тексеруден өткізу туралы өтініші бойынша 30 күнге медициналық мекемеге орналастырылған. Медицина қызметкерлері әйел балаларды ұрлағанде ақыл-есі дұрыс болды ма, жоқ па, соны анықтауы қажет», - дейді облыстық прокуратураның баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетсек, бұрын Атырау облыстық прокуроры Ернат Сабынқұловтың хабарлағанындай, бейсенбі күні шамамен кешкі 20:30-дарда Мақат аудандық ІІБ-не Мақат ауылында бес жасар бала мен төрт жасар қыздың жоғалғаны туралы хабар түскен. Дабыл беріліп, аудандық полицияның бүкіл жеке құрамы іздеу жұмысына кіріскен. Прокуратура органдарының үйлестіруі бойынша балаларды іздестіруге прокуратура, полиция және әкімдік қызметкерлерінен тыс, белсенді азаматтар да жұмылған.

Шамамен 22:20-да адамдардың балалардың белгісіз әйелмен бірге таксиге мінгенін көргені туралы хабар келген. Сонымен қатар іздестіру жұмыстары кезінде сол маңда бейсауат әйелдің жүргені туралы хабарлар тараған. Іздестіру аймағы кеңейтіліп, оған көрші ауылдар мен аудан орталықтарының құқық қорғау органдарының қызметкерлері де жұмылдырылған. Бұл тактика нәтиже берді.

Жұма күні таңғы 4-те балалар үйінен 150 км қашықтықта, Жылыой ауданының Құлсары қаласынан табылған. Балалардың денсаулығына зақым тимеген. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 125-бабы («Адам ұрлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.