Атырау облысында екі күн бұрын Жайыққа батқан 9 жасар жасөспірім табылмай жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екі күн бұрын Жайық өзеніне батып кеткен 9 жасар жасөспірім табылмай жатыр. ОЛ Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жаөспірім 19 маусымға Жайық өзеніне батып кеткен.

«Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында 2013 жылы дүниеге келген жасөспірім 19 маусым күні сағат 12:14 шамасында Жайық өзеніне суға кеткені анықталды. Ол өзеннің Индербор кенті тұсындағы шомылуға тыйым салынған жерінде суға түскен. Оны іздестіру кеше, 20 маусымда сағат 07:50-де басталып, түнгі сағат 00:20-ға дейін жалғасты. Бірақ іздестіру жұмыстары нәтиже берген жоқ», -деп хабарлады қоғаммен байланыс тобынан.

Жайық өзеніндегі іздестіруге жедел құтқару жасағынан 4 қызметкері қайықпен шықты. Іздестіру жұмыстары бүгін, 21 маусымда сағат 09:10-да қайта жалғасты.

Белгілі болғандай, жыл басынан бері 8 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 2 бала бар. Мәселен, 22 қаңтарында 9 жасар бала Атырау қаласындағы «Перетаска» каналында мұз астына түсіп кетіп, шыға алмай қалған. Ал, 4 маусымда Жылыой ауданының Жем ауылдық округінде 2009 жылғы жасөспірім арнайы жабдықталмаған жерде шомылып, суға батқан.

Ал, 2020 жылы 17 адам, оның 4 бала суға шомылу қаза тапқан. Былтыр 28 адам суға түсіп, жантәсілім еткен. Оның ішінде 10 бала бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 8 адам суға батып кеткенін хабарлаған едік.