Атырау облысында екі күннен бері қамыс өрті сөнбей жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласынан 30 шақырым жерде теңіз жағалауында екі күннен бері қамыс жанып жатыр. Теңіз жағалауындағы батпаққа байланысты өртті сөндіру мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, өрттің аумағы – шамамен 6 гектар.

Атырау қаласына қарайтын Кеңөзек ауылдық округінен 15 шақырым кашықтықта 14 қыркүйек күні сағат 20:40-та басталған қамыс өрті әлі бықсып жатыр. Сол күні өртті сөндіруге департаменттің 8 қызметкері мен 2 техникасы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 3 қызметкері, 1 техника, Кеңөзек округінде тіркелген гаруа қожалығынан 3 қызметкер мен 3 трактор тартылған.

«Алайда, 15 қыркүйек күні Кеңөзек ауылдық округіндегі Алғабас кентінен Каспий теңізіне қарай 30 шақырым жерге дейін қамыстың бықсуы басталдыды. Қамыс өртінің жалпы аумағы – 6 гектар. Теңіз жағалауына баратын жолдың батпақты болуына байланысты өртті сөндіру мүмкін емес», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Кеше, 15 қыркүйекте Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 қызметкер 1 ТРЭКОЛ техникасымен, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 30 қызметкері 10 техникамен қамыс өртін бақылауға алған. Ал, бүгін, 16 қыркүйекте «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері қамыс өртін қарауылдау жұмыстарын жалғастыруда.

Қамыс өрті Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауына алынған. Өрттен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейінАтырау қаласынан 30 шақырым жерде 6 гектар қамыс жанып жатқанын хабарлаған едік.