Атырау облысында екпе алудан бас тартқан екі адам көкжөтел жұқтырып алды
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жайнагүл Өтепқалиева мәліметінше, биылғы 9 айда көкжөтел ауруының 2 дерегі тіркеліп отыр.
Ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 0,30% құрайды.
«Көкжөтел ауруы былтыр тіркелген жоқ еді. Ал биылғы екі дерек те Атырау қаласында тіркелді. Оның бірі 14 жасқа дейінгі баладан анықталды. Науқастың екеуі де көкжөтелге қарсы екпе алмаған. Бұл ауруды жұқтырудың көзі – науқас адамдар. Олар әсіресе, аурудың бастапқы кезінде өте жұқтырғыш келеді. Көкжөтелдің кез келген түрі басқа адамдар үшін өте қауіпті деп есептеледі. Әсіресе көкжөтел ұстамасы қысып, қатты жөтелген кезде сақтанған жөн. Өйткені қақырық бөлшектері 3 метрге дейін ұшады. Егер көкжөтелге тұрақты өмірлік иммунитеті қалыптаспаған болса, бұл сырқатпен кез келген жастағы адам ауыруы мүмкін», -дейді Жайнагүл Өтепқалиева.
Оның айтуынша, көкжөтелдің алдын алудың жалғыз және тиімді жолы – міндетті вакцинаны алу. Бұл вакцина өмірге келген баланың бір жасында егіледі.
«Ата-аналар үшін балаларын иммундау орынды шешім болып қала береді. Вакцина суық тию, дене қызуының көтерілуі сияқты аурудың белгілері жоқ, дені сау балаларға ғана егу қарастырылған. Вакцинация жоспарлы түрде ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4, 18 айда жүргізіледі», -деп мәлім етті Жайнагүл Өтепқалиева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында балалар арасында жұқпалы тері аурулары көбейгенін жазған едік.