Атырау облысында ерлі-зайыптылар саумалды табыс көзіне айналдырып отыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ерлі-зайыптылар саумалды табыс көзіне айналдырып отыр. Олар бұл істі бес жыл бұрын бастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында тұратын Талап Қажимов пен Зәмзәгүл Жаңабаева 5 жыл бұрын жылқы шаруашылығын қолға алған. Қазір саумал сатуды отбасылық кәсіпке айналдырып оттыр.

«Мен 1998-2008 жылдары Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында монтаждаушы болып жұмыс істедім. Кейін вахталық жұмысты қойып, жылқы шаруашылығын қолға алдым.

Бастапқыда бір үйір жылқым бар еді. Қазір екі үйірге жеткіздім. Үш биені сауамыз. Жылқыға қандай азық беруді білмей, ат баптау, санын көбейту мүмкін емес. Бір қарағанда шөп берумен іс біткендей көрінуі мүмкін. Тоя жесін деп алдына үйіп-төкпей, қажетті азықты өлшеп, есептеп беру керек. Жылқы үшін ең табиғи азық – дала шөбі. Жаңа орылған шөп болса тіпті нәрлене түседі. Жануар баптауыңа қарай сүт береді», -дейді Талап Қажимов.


Ерді-зайыптылар саумал мен баптаған қымыз сатуды 2017 жылы бастаған. Сарытоғай ауылындағы Қ.Қалыбеков атындағы орта мектепте биология пәнінен сабақ беретін Зәмзәгүл Жаңабаеваның айтуынша, алғашында саумал сату туралы ой болмаған.

«Енемнің ішкі құрылысы ауырып, сол кісінің денсаулығы үшін бие саууды бастадым. Саумалды күнделікті үзбей ішкеннен кейін енемнің денсаулығы жақсарды. Содан бері биені үзбей сауып келемін. Жүзге жуық тұрақты тұтынушымыз бар. Бие саууды мамыр айынан қазанға дейін жалғастырамын. Бір бие күніне 6-7 рет сауылады. Бір сауғанда 1 литр сүт береді. Саумалды әр адам диагнозы мен тәбетіне қарай әртүрлі мөлшерде ішеді. Қазір сұраныстың көбі Атырау қаласынан болып тұр», -дейді Зәмзәгүл Жаңабаева.

Енді ерлі-зайыпты мемлекет тарапынан берілетін қолдауды пайдаланып, отбасылық кәсіпті кеңейтуді көздеп отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртқан отбасы тұратынын жазған едік.