Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өңірлік филиалының таратушы құбырлары арқылы газ тасымалдау қызметіне 2022-2027 жылдарға арналған тарифін мың текше метрге 1 133,39 теңгеге дейін төмендетті.
Бұл 2016-2021 жылдардағы тарифпен салыстырғанда 36%-ға төмен.
Сондай-ақ, жабдықтау үстемеақысы мың текше метр үшін 916,17 теңгеге (43%) төмендеген.
«Осыған байланысты Атырау облысының тұтынушылары үшін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газының түпкілікті бағасы 38,9%-ға дейін төмендеді. Тұрмыстық тұтынушылар (тұрғындар), жылу энергетикалық компаниялар тұрғындар үшін жылу энергиясын өндіруге тауарлық газды тұтынудың мың текше метрі 4 720,33 теңге, жылу және электр энергиясын өндіруге тауарлық газды тұтынатын энергетикалық және өзге де заңды тұлғалар үшін мың текше метрі 11 482,47 теңгені құрайды. Ал, бюджеттік мекемелерге мың текше метрі - 13 344,23 теңге, тұтынушыларға одан әрі сату мақсатында сығымдалған және сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын заңды тұлғаларға - 11 518,56 теңге», -деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Төмендетілген баға биылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енеді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында алдағы бес жылда 93 елдімекен жаңғыртылатынын жазған болатынбыз.