Айта кетейік, Атыраудан 70 шақырым қашықтықта мұнайға толы шағын көл пайда болды. Мұнайға толы көл туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тараған еді. Онда қолданушылардың бірі видео жүктеген. Таспада Махамбет ауданы Таңдай ауылына жақын жердегі суат түсірілген. Суаттың бетінде мұнайдың қалқып жүргенін байқауға болады. Бұл ауыл Атыраудан 70 шақырым қашықтықта орналасқан.
Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлағандай, Таңдай ауылындағы «Лиман» учаскесінің аумағындағы иесіз қалған ұңғыма жерасты суына толған.
1964 жылдан бері иесіз қалған ұңғыма орналасқан «Лиман» учаскесі «Ембімұнай» АҚ балансында болған, кейін мемлекеттің иелігіне өткен.
«2010 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-ы аталған ұңғыманы жою жұмыстарын жүргізген. Алайда ұңғыма сағасының болмауына байланысты, оны жою мүмкін болмаған. Кейбір мәліметтерге сәйкес Кеңес Одағы кезінде бұрғылау барысында бұрғылау қондырғысы жер астына батып, нәтижесінде шұңқыр пайда болып, жерасты суы көтерілген, бетіне мұнай пленкасы пайда болған», - деп хабарлады Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі.
2018 жылы Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетовтың төрағалығымен өткен авариялық мұнай-газ және гидрогеологиялық ұңғымаларды жою мәселелері жөніндегі кеңес хаттамасында ҚР Инвестициялар және даму министрлiгiмен 2018 жылғы республикалық бюджетті нақтылау барысында «Лиман» учаскесіндегі K-30J және ET-4 ұңғымаларын жою үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеу бойынша жұмыстар енгізілгені атап көрсетілген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, экология департаменті мен «Ембімұнайгаз» АҚ мамандары барлық иесіз қалған, соның ішінде «Лиман» учаскесінде орналасқан ұңғымалардың жай-күйіне тұрақты негізде мониторинг жүргізуде. Мамандардың бағалауы бойынша жерасты суы толған шұңқыр қоршаған ортаға қауіп тудырмайды.