Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауында қамыс жанып жатыр.
«Қамыс өрті Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тіркелді. Кеше, 6 шілдеде кешкі сағат 20:00 де өртті анықтау және бақылау үшін №13 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер, 1 техника, №4 өрт сөндіру бөлімінен 1 қызметкер, 1 техника, ал, жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен 7 қызметкер жіберілді», -деп хабарлады деп хабарлады Асқат Ержанов.
Оның айтуынша, өрт ошағының нақты аумағын арнайы техникалармен анықтау мүмкін емес. Бүгін, 7 шілдеде Каспий теңізінің жағалауындағы өртті сөндіруге тікұшақ жіберу көзделіп отыр.
Еске сала кетелік,бұдан бұрын Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған болатынбыз.
Кейін Каспий жағалауында 5 күн жанған қамыс өрті сөндірілгенін жазған едік.
«Қазақстан ғарыш сапары» космомониторингінің қорытындысына сәйкес «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектарды құраған.
«Каспий жағалауындағы батпақты, сулы жерде 2 сәуірде қамыс өрті тұтанды. Бұл – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтағы аумақ. Жалыннан флора мен фауна зардап шеккен жоқ. Өйткені, құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған» деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.