Атырау облысында кейінгі екі айда 4 жол апатынан 20 адам мерт болған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кейінгі екі айда 4 жол апатынан 20 адам мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жеңіл және ауыр жүк көліктер ағынының артуымен жол апаты көбейген.

«Атырау облысындағы республикалық жолдарда соңғы екі айда 4 ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 20 адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілердің жол жүру ережесін сақтамауы, қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты асыру. Сол себептен, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін патрульдік нарядтар шығарылды. Алайда, жолдың патрульдік полиция нарядтары кездеспейтін тұсында көлік апаты жиі тіркеліп отыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі көлік соқтығысып, 7 адам мерт болғанын хабарлағанбыз.

Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы тасжолда Chevrolet Cobalt автокөлігі жолдың қарсы жолағына шығып, Toyota Ipsum автокөлігімен түйіскен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі мен 1 жолаушысы қаза тапты. Ал, 2 жолаушы түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық ауруханасына түскен.

Сондай-ақ, КамАЗ-бен соқтығысқан жеңіл көліктің 3 жолаушысы мерт болғанын жазған едік.

Атырау-Индер жолында Toyota Camry мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысты. Жол-көлік апатынан Toyota Camry автокөлігінің 3 жолаушысы – анасы мен 1 және 15 жастағы қыздар көз жұмған. Жеңіл көліктің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Олар – Батыс Қазақстан облысының тұрғындары.