Атырау облысында киберполицейлер жұмысқа кірісті

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полициясында «Киберпол» арнайы тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл топқа интернет арқылы жасалатын киберқылмысты анықтау жүктеліп отыр.

«Интернет-алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, түрлі ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы алаяқтардың арбауына түсетіндер артып отыр. Қазір алаяқтар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, жақындары жол-көлік оқиғасына тап болды, немесе басқа да заңсыз әрекеттерді жасады деп алдайды. Бұл мәселені оң шешу үшін ақша сұрауы мүмкін. Осындай қылмыстық әрекеттерге байланысты департамент жанынан Атырау облысының аумағында интернет арқылы жасалатын киберқылмыстардың жаңа түрін анықтау, алдын алу мақсатында «Киберпол» тобы құрылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Полицейлер 102 операторына қоңырау шалып, айтылған ақпараттың шынайылығын тексеруді ұсынып отыр.

«Жол-көлік оқиғалары 102 операторына тіркеледі. Тіпті белгісіз адамдар Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы түрлі затты арзанға сататыны туралы жарнамалар жариялайды. Сұраныс түскен кезде тауар сатылып кетпеуі үшін алдын ала төлем жіберуді сұрайды. Әлеуметтік желілердегі жарнамаларды мұқият тексеріп, тауарды қолыңызға алғанға дейін төлем жасамауды ескертеміз», - деп мәлім етті ведомстводан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтарды 30 млн теңге шығынға батырған туристік фирма директоры 5 жылға сотталғанын хабарлаған болатынбыз.