Атырау облысында қиыршық тас тиелген вагондар рельстен шығып кетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында қиыршық тас тиелген үш жүк вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін, 18 қазанда жергілікті уақытпен сағат 11:15-те болған.

«Мақат ауданындағы Доссор стансасында «Dossor Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі тоғыз вагонның үшеуі рельстен шығып кетті. Жүк вагондарын сүйреген тепловоз Мақат стансасынан Доссор стансасы бағытына жолға шыққан. Жүк пойызындағы тоғыз вагонның бәріне қиыршық тас тиелген. Бұл оқиға өзге пойыздардың кестемен қозғалуына кері әсерін тигізбеді», - делінген хабарламада.

Теміржол бойындағы оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Еске салайық, қазан айының басында Атырау облысында төрт жүк вагоны рельстен шығып кеткен болатын.