Атырау облысында қоқыс қалдығын қайта өңдеу 2 есеге ұлғаяды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың Жылыой ауданында қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу екі есеге ұлғаяды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыой аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғын үйлерден шығарылған қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу жоспарланып отыр.

«Біздің ауданда мекемелерден шығарылған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын бір мекеме бар. 2019 құрылған «Экоқала ХХІ» ЖШС қайталама шикізат алу мақсатында жылына 30 мың тонна қатты тұрмыстық, 6 мың тонна азық-түлік және ауылшаруашылығы, 2 мың тонна құрылыс қалдықтарын жинап, оның 96%-ын қайта өңдейді. Енді тұрғын үйлерден шығарылатын қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қолға алып отыр. Қазір тұрғын үй иелерімен келісімшартқа отыру жүріп жатыр», деп хабарлады аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық өкілдігінің жетекшісі Ерлан Нұрлановтың айтуынша, аталған серіктестіктің 30 арнайы техникасы бар. Мұнда 100 адам жұмыс істейді.

«Мұнда автоматты жүк таразылары, қалдықтарды сұрыптау цехы, арнайы сұрыптау желісі, қайталама шикізат қоймасы, қалдықтарды кәдеге жарату картасы бар. Резервтік сақтау орны, құрылыс қалдықтарын сұрыптау, кәдеге жарату алаңы, арнайы көліктер мен контейнерлерді жуу, санитарлық тосқауыл орындары қарастырылған. Бұрын кешен қуаты жылына 30 мың тоннаға есептелген болса, енді бұл екі есеге артатыны жоспарланып отыр», -деді Ерлан Нұрланов.