Атырау облысында көлік жүргізушісі жылыжай ашты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудағы Исатай ауданында тұратын көлік жүргізушісі Ғаділжан Балмолдин өзінің жеке жылыжайын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ол «Бизнес-кеңесші» қысқа мерзімді курсын оқып, жылыжай шаруашылығын қолға алды. Жалпы, Ғаділжан Балмолдиннің негізгі мамандығы - жүргізуші.

«Жасым елуден асып, балалардың алды еңбекке жарай бастағанда, бір отбасына бір кәсіптің керек екенін ұғындым», - дейді ол. 

Исатай ауданы бойынша жалпы 2 жылыжай тіркелген болса, соның бірі - Қамысқала ауылдық округінде салынған «Жайна-Бек» жылыжайы. Жұмысын бастағанына аз уақыт болса да, кәсіпкер отбасы мүшелерімен бірге жылыжайда тынбай еңбек етуде. Негізінен қиярдың «гуннар» атты тұқымын өсіретін кәсіпкер бүгінде 300 келіден астам өнім алыпты. Алынған өнімнің негізгі тұтынушысы - ауыл халқы. 

«Бұрын-соңды аулаға бақша салып көргеніміз жоқ. Мамандығымыз да бұл саладан емес. Бірақ, адам баласы бір істі ынты-шынтысымен қолға алса, оның түбіне жетпей қоймайды екен. Осы істі бастағанымызға аз уақыт болса да, еткен еңбектің жемісі мен жеңісінен дәм тататын күн жақындай түскендей. Алғашында қиындау болды. Осыдан 2 жыл бұрын «Бизнес кеңесші» қысқа мерзімді курсын оқып, сертификатым қолыма тиген соң «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалынан несие алудың жұмысымен көп жүгіргенім рас. Бірақ, дегеніме жетіп, өткен жылдың соңында қолыма 5 миллион теңге қаржы алдым. Енді 6 ай үзіліс жасап, 4 жылда осы ақшаны қайтаруым керек. Сол үшін жатпай-тұрмай еңбек етуіміз керек», - дейді кәсіпкер Ғ.Балмолдин.