Атырау облысында көпқабатты тұрғын үйдің орнына спорт кешені салынады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көпқабатты тұрғын үйдің орнына спорт кешені салынады. Қазір тұрғын үй бұзылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қазбек Ағыраевтың айтуынша, жаңа спорт кешені Құлсары қаласында бой көтереді.

«Құлсары қаласының 1-шағын ауданындағы №27 көпқабатты тұрғын үй мемлекет қажеттілігі үшін алынды. Тұрғын үйдегі 60 пәтердің иесіне заңға сәйкес өтемақы төленді. Қазір тұрғын үй ғимаратын бұзу жұмысы жүріп жатыр. Енді бұзылып жатқан тұрғын үйдің орнында спорт кешені салынады», - деп хабарлады Қазбек Ағыраев.

Оның айтуына қарағанда, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы дайын тұр. Нысанның жалпы аумағы – 1615,9 шаршы метр.

«Құрылысты жүргізу үшін млекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс жарияланды. Конкурстың жеңімпаз болып «ГрадСтройСервис» ЖШС танылды. Мердігер мекеме жоспарға сәйкес спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауы тиіс. Жаңа спорт кешенінде кіші футбол, бокс, күрес, волейбол залы қарастырылған», - деп мәлім етті Қазбек Ағыраев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары қаласында спорт кешені бар 3 мың орындық стадион ашылғанын хабарлаған едік. Стадионның құрылысы 2020 жылы басталған. Бұл – аумағы 4,7 мың шаршы метр болатын толықтай жабдықталған спорт кешені. Стадионның сыйымдылығы 3 мың адамға есептелген. Оған қосымша салынған спорт кешенінде қысқы маусымда түрлі матчтар мен ойындар өткізуге арналған жабық стадион мен бассейн бар.